ПАВЛОДАР, 23 қаңтар – Sputnik. Жол апатынан зардап шеккен төрт жолаушы, оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірім Екібастұз орталық ауруханасына жатқызылды, деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
43 жастағы және 18 жастағы екі ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бірі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр. Екінші зардап шегуші де көп жарақат алған, жағдайы ауыр.
28 жастағы ер адам травматология бөлімінде, оның жағдайы орташа дәрежеде.
17 жастағы жәбірленуші мидың жабық жарақатын алған, миы шайқалған. Оның жағдайы тұрақты, орташа ауыр.
22 қаңтарда Павлодар – Қызылорда тас жолында ВАЗ-2110 ("Яндекс.Такси"), Toyota Camry 40 және Mersedes-Benz GL 450 көлігі соқтығысқан.
25 жастағы ВАЗ жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды. Төрт жолаушы, олардың бірі кәмелетке толмаған жасөспірім әртүрлі жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен тағы екі адам – 18 жастағы ер адам мен 21 жастағы қыз ауруханаға жатудан бас тартты.