Жол апаты 6%-ға көбейді: Скляр себебін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневПолицей
Полицей - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жол апаты мен жолда қаза тапқан адамдардың көбейгенін растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін бір топ депутат жол қауіпсіздігі мәселесіне алаңдап, үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Оған жауап берген премьер-министрдің орынбасары жол апаты көбейгенін растады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылы жол апаты 6%-ға (13 930-дан 14 834-ее дейін), қайтыс болған азаматтар 7%-ға (2 270-тен 2 425-ке дейін), ал жарақат алғандардың саны 6%-ға (18 096-дан 19 135-ке) өскен.
"Талдау көрсеткендей, жолдағы апаттың статистикалық көрсеткішінің нашарлауына 2020-2021 жылдары пандемия кезінде болған шектеулер, соның ішінде көлік қозғалысы бойынша енгізілген шектеулер әсер етті", - дейді Скляр.
Соңғы жылдары елімізде көлік құралдарының саны да артты. 2019 жылы – 4,1 млн көлік болса, 2020 жылы – 4,2 млн, 2021 жылы – 4,3 млн, ал 2022 жылы 4,7 млн көлікке жетті.
Жол апатының 75 проценті елді мекендерде болды. Адам өлімі көбінесе қала сыртындағы тас жолдарда тіркелді. Ал жол апатынан қайтыс болғандардың басым бөлігі – жаяу жүргіншілер. Көлік жүргізушілері жылдамдық режимін сақтамайды.
Қазіргі кезде жолдарда тәртіп бұзушылықты тіркеудің автоматты жүйелері орнатылған. Барлығы 18 мыңнан астап құрылғы іске қосылды. Соның көмегімен былтыр 5 миллион тәртіп бұзушылық анықталды. Бюджетке айыппұл түрінде 33 млрд теңге түсті. Бұдан бөлек, "Қорғау – қауіпті жүргізуші" мобильді қосымшасы әзірленді. Онда "Сергек" жүйесінің камералары мен ішкі істер министрлігінің жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері интеграцияланған.
"Бүгінгі таңда мұндай мобильді қосымшалар еліміздің барлық өңірінде одан әрі таратыла отырып, 11 қалада – Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Түркістан, Өскемен, Петропавл, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау мен Оралда енгізілді", - деп атап өтті Скляр.
Жаңалықтар
0