АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстандағы сауда желілерінің өкілдері пияз бағасы маусымаралық кезеңде қатты қымбаттағанын хабарлады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында белгілі болды.
"Жиынға қатысушылар сыртқы нарықта пиязға сұраныстың артуы факторларын, көкөніс қоймаларының көкөністің осы түрін сақтау мүмкіндіктерін, сондай-ақ көрші елдерде ерте өнім жинау болжамын қарастырды", - деп жазылған хабарламада.
Жиын соңында ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге халықтың сұранысын толық қанағаттандыру және бағаны ұстап тұру үшін пияздың қажетті нақты қорын сараптау тапсырылды.
Талдау қорытындысы маусымаралық кезеңде пияз тапшылығы қаупін көрсетсе, ішкі нарықты қорғау шаралары алдын ала қолға алынатыны айтылды.
Отырыс премьер-министр Әлихан Смайыловтың азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағасын ұстап тұру қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды.