Шетелдік автокөліктерді заңдастыру 23 қаңтарда басталады – ІІМ

Sputnik
АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталады. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет биыл 11 қаңтарда Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті.
"Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни ережелер бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз", - деді Лепеха орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеу қажет.
Шетелдік көліктерге қойылатын талаптар:
елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі керек;
іздеуде болмауы шарт;
басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы керек;
кедендік тазартудан өтуі қажет.
Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде басқару органдары оң жақты орналасқан көліктерге қолданылады.
Тіркелетін шетелдік автокөліктерге жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.
Заңдастыруға өтінішті "Электронды үкімет" порталы немесе арнайы ХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады.
Мамандандырылған ХҚКО-ларда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автомобильдерді заңдастыруға құжат қабылдайды.
Сондай-ақ Әкімшілік полиция қызметкері қатысып, жария етуден өту тәртібін және Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері, қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеу тәртібін түсіндіреді.
Үкімет шетелдік автокөліктерді заңдастыру ережесін бекітті