Президент қаржы пирамидаларының жолын кесу жұмысын жалғастыруды тапсырды

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 қаңтар - Sputnik. Мемлекет басшысына қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов былтыр атқарған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорда.
Президентке бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін Агенттіктің жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны жөнінде баяндалды. Соңғы төрт жылда агенттікте тіркелген істер саны екі есе кеміген.
"Жалған шот-фактуралар жазып беріп салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтады. Сондай-ақ 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды", - деді Элиманов.
Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларын жою туралы тапсырма берген болатын. Былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталған. Сондай-ақ 29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелген.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды", - деді агенттік төрағасы.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.
Инфографика
Қазақстан үкіметі: жаңа құрам