АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Қарағандыда тұмау жұқтырған 8 жасар оқушының өліміне байланысты жүргізілген сараптаманың алдын ала нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қарағандыда болған жағдайға байланысты баланың ата-анасына көңіл айтамыз, қайғысына ортақпыз. Қазіргі кезде нақты себебі анықталмаған, тиісті тергеу жұмыстары өткізіліп жатыр. Бірақ сот-медициналық сараптаманың алғашқы қорытындысы бойынша бала асфексиядан қайтыс болған. Ол құсық массасына тұншығып қалған", - деді Есмағамбетова.
Айта кетері, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында екінші сынып оқушысының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
"Патриоты Караганды" порталының мәліметіне сәйкес, 17 желтоқсанда 8 жасар қыздың дене қызуы көтеріліп кеткен. Ата-анасы оны бірден ауруханаға апарған. Дәрігерлер баланы қалдыруға кеңес берген. Алайда әкесі мен анасы одан бас тартып, тиісті хат жазып кеткен. Таңертең бала үйде қайтыс болғаны анықталды.
Қазіргі кезде тексеріс басталды. Ал мектеп әкімшілігі дезинфекцияға кірісіп кетті.