АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Келер жылдың мамыр айына дейін Астанада 9 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлады елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.
"Бұл Рысқұлов көшесінің, Р.Қошқарбаев даңғылының бойындағы, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы, Ұлы Дала даңғылы мен 39-көшедегі және тағы басқа мекенжайдағы мектептер. Көктемде айналаны абаттандыруды бастау туралы міндеттеме жүктедім", - деп жазды қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жеңіс Қасымбек келесі оқу жылында тағы 13 мектеп пайдалануға берілетінін айтты.
"Ірі мектептер 2 ауысымда 4 мың оқу орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл мектептердегі орын тапшылығы мәселесін біршама шешеді", - деді әкім.
2023 жылы елордада жаңа форматтағы 25 "жайлы мектептің" құрылысы басталады.
"Балабақшаларға көңіл бөліп отырмыз. Жақында Есіл ауданында мемлекеттік балабақша аштық. Келесі жылы жекеменшік балабақшалардағы 9 мың орынға қосымша мемлекеттік тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді елорда әкімі.