Бала күтімі бойынша жәрдемақының мерзімі ұзартылады – парламент заңды қабылдады

Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан — Sputnik. Сенат депутаттары әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осы құжатпен заңға бірнеше маңызды түзету енгізу жоспарланып отыр. Соның бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Бүгінде бұл жәрдемақы екі жерден – бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Жұмыс істейтіндер қорға аударған жарналардың есебінен, ал жұмыссыздар бала күтіміне бюджеттен ақша алады. Келесі жылдан жәрдемақы бір жарым жылға ұзартылады. Оған қоса, айлық есептік көрсеткіш өседі. Соның арқасында бала күтіміне төленетін жәрдемақының мерзімі де, мөлшері де артады.
Бұдан бөлек, заңда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттыру қарастарылған. Сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау тетігі бар.
Заң президенттің қол қоюына жіберілді.
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жәрдемақы мен зейнетақы қаншаға өседі