Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жәрдемақы мен зейнетақы қаншаға өседі

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.09.2022
Жазылу
НовостиTelegram
НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек – Sputnik. Президент соңғы жолдауында базалық және ең жоғары зейнетақыны көтеруді тапсырды. Соның арқасында үш жылдың ішінде жалпы зейнетақы 27 процентке өсуі керек. Бұдан бөлек, бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақы бір жарым жылға дейін ұзартылады.
Sputnik Қазақстан Тоқаевтың тапсырмасынан кейін зейнетақы мен жәрдемақының көлемі қалай өзгеретінін есептеп шықты.

Мемлекеттік жәрдемақы

Сонымен, келесі жылдан бастап бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақының мерзімі тағы жарты жылға ұзартылады. Бүгінде ондай төлемнің екі түрі бар. Біреуі мемлекеттен төленеді. Оны жұмыс істемеген және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған әйелдер мен ерлер алады. Осы жәрдемақының биылғы мөлшері:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында келесі жылы айлық есептік көрсеткішті 3 450 теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Демек, мемлекеттік жәрдемақы тағы өседі. Мәселен, бір баланың күтіміне ай сайын 17,6 мың емес, 20 мың теңгеге жуық ақша беріледі.
Ал жәрдемақыны төлеу мерзімі бір жарым жылға ұзартылатынын ескерсек, 2024 жылы АЕК тағы өсіп, 2-2,5 мың теңге қосылады.

Әлеуметтік төлемдер артады

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем алады. Себебі олардың жалақысынан жарна төленіп келген.
Әлеуметтік төлемді есептеудің формуласы бар. Атап айтқанда, алдымен соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтеді. Одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.
Мәселен, соңғы екі жылда орташа жалақы 120 мың теңге болса, онда 48 мың теңге көлемінде ай сайынғы төлем тағайындалады. Бірақ одан тағы зейнетақы жарнасы ұсталады. Сонда қолға 43 200 теңге түседі. Келесі жылдан бастап осы төлем де бір жарым жыл бойы беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтімімен отыратын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды да жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы әйелдерге ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы артады.
Министрлік оны 7,4 АЕК-ке дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі мөлшері - 6,4 АЕК (19 603 теңге).

Зейнетақы қанша болады

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауда базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70%-іне дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ке дейін кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды. Келесі жылы ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы 40 567 теңгеге дейін көтеріледі деген жоспар бар.
Демек, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 397 теңгеге, ал ең жоғары мөлшері 48 680 теңгеге дейін өсуі керек. Бірақ оны президент айтқандай "кезең-кезеңімен" жасайды.
Айта кетері, базалық зейнетақы республикалық бюджеттен зейнет жасқа келген әрбір қазақстандыққа беріледі. Оның мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақыны жинақтау жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты. Егер еңбек өтілі он жылдан кем немесе мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері тағайындалады.
Ал еңбек өтілі он жылдан асып тұрса, қосымша әрбір жылға 2 процент қосылады. Осылайша, еңбек өтілі мен зейнетақыны жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі 33 жылдан асып кетсе, ең жоғары базалық зейнетақы қойылады.
Жаңалықтар
0