Президент сайлауы - 2022

Президенттіке үміткерлердің барлығы дауыс берді — фото

Sputnik
АСТАНА, 20 қараша — Sputnik. Елде өтіп жатқан президент сайлауында үміткерлердің алтауы да дауыс берді.
Кандидат Салтанат Тұрысбекова дауыс беруге Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 107 сайлау учаскесіне өзінің сайлау штабының қызметкерлерімен келді.
Ол сайлауға үміткер ретінде тіркелген екі әйелдің бірі. Оны "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған еді.
Қарақат Әбден де қалыс қалмады. Ол "Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігінен үміткер ретінде ұсынылған. Ол сайлаудан кейін еліміздің дамуына ерекше қарқын беріледі деген үміттенетінін айтты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан үміткер Нұрлан Әуесбаев дауыс беруге көтеріңкі көңіл күймен келгенін айтты.
Нұрлан Әуесбаев
"Көңіл-күйім көтеріңкі, жақсы. Бүгін мен республика азаматы ретінде өз міндетімді орындауға – дауыс беруге келдім", - деді ол.
Кандидат Мейрам Қажыкен әйелімен
Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен дауыс беруге жұбай және қызымен келді. Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар достастығы" бірлестігі ұсынған болатын.
Бұған дейін Жигули Дайрабаевтың алғашқылардың бірі болып дауыс бергенін жазған едік.
Сонымен қатар кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дауыс берді.