АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Қаңтар оқиғасы кезінде республика бойынша бес мыңнан астам адам жарақат алды. Оның төрт мыңға жуығы – құқық қорғау органдарының қызметкерлері, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаңтар оқиғасы кезінде ел бойынша 1151 азамат жарақат алды, 3998 қоғамдық тәртіп қызметкері зардап шекті", - деді Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов брифингте.
Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 100 млрд теңгеден астам залал келген, соның ішінде бизнес субъектілеріне – 92 млрд теңге.
Бұдан бөлек, жүздеген ғимарат пен көлік өртенді.
Қилымжановтың ақпаратынша, қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Оның ішінде терроризм актілері бойынша – 27 іс, жаппай тәртіпсіздіктер бойынша – 131, адам өлтіру бойынша – 146.
1612 адам күдікті деп танылды, оның ішінде 787 адам жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан.
Ұсталғандар арасында 41 ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Сондай-ақ 126 күдікті бұған дейін адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық бойынша сотты болған.