АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. ТМД мемлекет басшылары кеңесінің саммитінде президенттер бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, саммит қорытындысы бойынша ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Қызметтердің еркін саудасы, қызметі мен инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім жобасымен жұмысты жандандыру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, президенттер Қазақстан бастамасымен мәдениет саласында ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме және климат саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдеме қабылдады.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған, терроризм және экстремизммен күрес бойынша ынтымақтастық бағдарламасын бекітті.
Қазақстан президентінің бастамасымен ТМД-да бақылаушы және серіктес мәртебелерін бекіту туралы құжаттар әзірленеді. Бұл Достастық жұмысына басқа елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға мүмкіндік бермек.
Адам құқығы мен бостандығын қорғау саласында ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТМД-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясы туралы жаңа ереже қабылданды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
"Жалпы Қазақстан тарапы бүгінгі саммиттің қорытындысына қанағаттанды. ТМД-ның Астана саммиті мемлекеттеріміз бен халқымыздың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту жолында кезекті қадамға айналады деп сенеміз", - деді Тілеуберді ТМД мемлекет басшылары кеңесінің саммитінен кейін өткен брифингте.