АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Астанада Қазақстан халық партиясы кезектен тыс XXI съезінде президент сайлауына партияның атынан кандидат ұсынды. Халықтық партия бірауыздан қабылданған шешіммен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз. Бұл туралы бұрын да айттық. Осы ұстанымда қала береміз. Халық партиясының барлық бастамасы президенттің Қазақстан халқына жолдауында қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясынан шыққанын білесіздер. Бірақ президент Тоқаевтың саясаты бізге жақын, Қазақстан халық партиясының идеологиясы мен құндылықтарына толығымен сәйкес келеді", - деді партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.
Ол партия парламент сайлауында билік үшін күресетінін мәлімдеді.
"Біздің мақсатымыз – жеңіске жету және халық сенетін үкімет жасақтау", - деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев.
Бүгінгі таңда саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктерден мына кандидаттар ұсынылды: Нұрлан Әуесбаев – Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП); Жигули Дайрабаев – "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы; Мейрам Қажыкен – "Аманат" кәсіподақтар достастығы.
Еске сала кетейік, Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну процесі жалғасып жатыр. Кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.