Өңірлер

Оқушыларға мантудың орнына тірі вакцина еккен: қызметтік тексеріс басталды

Қателік жіберген медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетілді
Sputnik
АСТАНА, 28 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбеде мектеп оқушыларын Манту сынамасын жүргізбей БЦЖ вакцинасымен қайта вакциналау фактісі бойынша қызметтік тексеріс бастады.
Бұл факті бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына денсаулық сақтау министрлігінің бейінді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттерінің басшылары, сондай-ақ бейінді мамандар кірді. Олар эпидемиологиялық тексеріс жүргізіп, сараптамалық қорытындының негізінде болған жайтқа баға береді.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың денсаулығын тұрақты бақылап отыр.
Еске салсақ, 13 қыркүйекте Ақтөбе қаласында №74 жалпы білім беретін орта мектепте дәрігерлер бірінші сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына шатасып туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салып жіберген.
Мектеп бойынша профилактикалық екпе жүргізу үшін жауапты орындаушылар ретінде жеке клиника – "Медикус орталығы" ЖШС дәрігері мен медбикесі тағайындалған. Қазіргі таңда медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетілді.
Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, барлығы педиатрлардың бақылауымен сабақтарын жалғастыруда, деп хабарлады министрлік.
Ақтөбеде оқушыларға мантудың орнына басқа вакцина салып жіберген