НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігіне барып, II Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев II Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
© Photo : AMAN
Сондай-ақ президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды
© Photo : AMAN
Бұған дейін Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.
Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.
Еске салсақ, 8 қыркүйекте ІІ Елизавета Шотландиядағы Балморал сарайында қайтыс болды. Осыған байланысты Ұлыбританияда 10 күндік аза тұту күні жарияланды.
Патшайым Виндзор сарайының аумағындағы әкесінің (король VI Георг) мемориалдық шағын шіркеуінде жерленеді.
Айта кетері, патшайым таққа 1952 жылы 25 жасында отырған еді.