НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысының полицейлері жүкті әйелді патрульдік көлікте босандырып алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қыркүйекке қараған түні Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жүкті әйелге көмек көрсеткен. Тәртіп сақшылары толғағы келген әйелді перзентханаға барар жолда патрульдік көлікте босандырып алды.
"Оқиға Алматы-Боралдай-Жібек жолы бағытының 16-шы шақырымында болған. Ер адам патрульдік полиция қызметкерлерін тоқтатып, жүкті әйелін ауруханаға жеткізуді өтінген. Жол бойында әйелді толғақ қысып, полиция қызметкерлері оны босандырып алуға мәжбүр болды", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алғашқы көмек көрсетілген соң, анасы мен сәби дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлерге тапсырылған.
Жаңа туған нәрестенің ата-анасы полицейлерге алғыс білдірді.