НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Шымкент полициясы ұлттық компанияның атын жамылып, қала тұрғынын сан соқтырып кеткен алаяқты іздеп жатыр.
Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, Қаратау аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, әлеуметтік желіде белгісіз біреу халықаралық компанияның атын жамылып, биржа нарығында ақшаны бірнеше есе көбейтіп беремін деп уәде еткен.
"Осылайша бейтаныс адам жәбірленушінің сеніміне кіріп, 17 млн теңгеден астам қаражатты "Meta Trader 4" бағдарламасына салғызып, иемденіп кеткен", - деп хабарлады полицейлер.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қазіргі таңда күдіктілер іздестірілуде.
Полиция департаменті бейтаныс адамдарға сенбеуге және оларға ақша аудармауға, жеке деректерді жария етпеуге кеңес берді.