Қоғам

Қай министр қателеседі - Тоғжанов зейнет жасын төмендету мәселесін түсіндірді

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныстардың қаржы министрлігіне жіберілгенін айтқан. Алайда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзі басқарып отырған ведомствода бұл мәселе қаралмағанын мәлімдеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов зейнет жасын төмендету мәселесі арнайы жұмыс тобында талқыланып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетері, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныстардың қаржы министрлігіне жіберілгенін айтқан. Мамандар барлық ұсынысты зерделеп, есеп-қисабын шығаруы тиіс.
Алайда үкімет басшысының орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзі басқарып отырған ведомствода зейнет жасын төмендету мәселесінің қаралмағанын мәлімдеді.
Үкіметте дәл осы мәселеге премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауапты. Оның айтуынша, зейнет жасын төмендету мәселесі арнайы жұмыс тобында қаралып жатыр.
"Әлеуметтік кодекс аясында барлық ұсыныс талқыланып жатыр. Соның ішінде зейнет жасын төмендету мәселесі де бар. Жұмыс тобы құрылған", - деді Тоғжанов журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда вице-премьер әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі әріптесінің құзіретіне кірмейтінін еске салды.
"Иә, ол да вице-премьер, бірақ басқа мәселелерге жауап береді. Оған тікелей мен жауаптымын", - деп атап көрсетті Тоғжанов.
Алайда қаржы министрлігі де зейнет жасын төмендету мәселесін талқылауға қатысып отырады. Тоғжанов әріптесі білмейтін нәрсені өзінен сұрауға кеңес берді.
Қоғам
Сарапшы зейнет жасын қысқарту жайлы: популизммен айналысудың қажеті жоқ