НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым — Sputnik. Экология министрлігінің мәліметінше, рұқсат етілмеген қоқыстар – бұл халықтың 60 процентін және мемлекеттік құрылымдарды алаңдататын мәселе.
Мұндай үйінділермен күресу үшін экология министрлігі ішкі істер министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қоқыс тастайтын үйінділерді жою бойынша үшжақты іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Жоспар аясында Қазақстанның бірқатар өңірінде қалдықтарды заңсыз шашу орындарын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өтті. Мамыр айында Атырау, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Батыс және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте 31 рейд өтті.
Нәтижесінде 150-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. 14 факті бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 153 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау жөніндегі шаралар жалғасады.