НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы ауысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қамқоршылық кеңесінің төрағасы Юрий Пя жұмыстың көп болуына байланысты төрағаның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш білдірді. Қазіргі кезде танымал дәрігер University Medical Center корпоративтік қорын басқарады.
"Юрий Владимирович - Қазақстан Еңбек Ері, ең күрделі, жоғары технологиялық кардиохирургиялық операцияларды өз жетекшілігімен жүзеге асырып жүрген әлемге әйгілі кардиохирург. Бұл қызмет күн сайынғы тынымсыз еңбекті талап етеді. Ол көп уақытын білікті мамандарды даярлауға бағыттайды", - делінген ресми хабарламада.
Пя "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылық кеңесінің құрамында қалады және стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға көмектеседі.
Кеңес төрағасы қызметіне қоғам қайраткері, "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сайланды.
Ал медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау ісінің үздігі Зәуреш Аманжолова төрағаның орынбасары болады.