НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым – Sputnik. Жамбыл облысындағы Қарабөгет ауылында көлік жүретін көпір опырып қалды. Желіде апаттық жағдайда тұрған нысанның видеосы тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Видео авторының айтуынша, көпірдің мұндай жағдайда тұрғанына біраз уақыт болған. Бетон плиталардың арасы ашылып кеткен. Біреуі опырылып құлаған.
"Үстінен қарасаң, асты көрінеді, астынан қарасаң, үсті көрінеді", - дейді автор.
Мойынқұм ауданының әкімдігі ескі көпірде бір плитаның құлап кеткенін растады. Әкімнің орынбасары Жақсыбек Исақовтың айтуынша, көпірдің салынғанына 50 жылдан асып кетті. Келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған болатын. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
"Қазір ол жақта жол салып жатыр. Солардың техникасы өткеннен бе, нақты білмеймін, көпірдің бір плитасын сынып, құлап кетті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Қалай болғанын ешкім білмейді. Қазіргі кезде акт жасалып, көпірді толығымен жауып тастадық. Онсыз да тозығы жеткен", - деді Исақов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, көпір жөнделгенше айналма жол болады. Оны жақын арада жасайды.
"Бұл көпір келесі жылы жөнделеді. Қаражат бөлінгеннен кейін барлық жұмыс жасалады. Ауылдың кіреберіс жолы бар, оны да жөндейміз. Уақытша айналма жол болады. Соның қаражатын шұғыл қарап жатырмыз. Екі күнде бастаймыз", - деп атап көрсетті Исақов.
Айта кетері, бұған дейін Қарабөгет ауылында саусақпен қопарылатын асфальттың видеосы тараған болатын.