Қоғам

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда өтеді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы Ұлытау облысында келесі аптада – 16 маусымда өтеді. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин хабарлады.
"Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы жаңадан құрылған Ұлытау облысында 16 маусымда өтеді. Аталған консультативті-кеңес органының құрамына парламент депутаттары, Қазақстан халық ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер және белгілі сарапшылар, сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері кіреді", - деп жазды Ерлан Қарин Telegram-да.
Ол Ұлттық құрылтайдың маңызды міндеттерінің бірі қоғам бірлігін одан әрі нығайту және дамыту бойынша идеялар мен қадамдар әзірлеу екенін атап өтті.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында ел халқына жолдауында билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.
Бүгін, 8 маусымнан бастап Қазақстанда үш жаңа өңір – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру туралы жарлық күшіне енді. Қарағанды облысының құрамынан Ұлытау облысы бөлініп шықты, орталығы – Жезқазған қаласы.
Қоғам
Ұлттық құрылтай: Тоқаев дала демократиясын қалай дамытады