Қоғам

Ұлттық құрылтай: Тоқаев дала демократиясын қалай дамытады

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматы, адамдар
Алматы, адамдар - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы биылғы жолдауда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы тоқтатылатынын мәлімдеді. Оның орнына ұлттық құрылтай құрылады. Құрамына барық өңірдің өкілдері кіреді деген жоспар бар. Ал құрылтай жиналысында маңызды әрі ауқымды мәселелер қаралады.
Sputnik Қазақстан тілшісі ұлттық қоғамдық сенім кеңесі несімен есте қалғанын зерделеп, құрылтайдың халыққа қалай қызмет атқаратынын пысықтап шықты.

Ұлттық кеңес не бітірді?

Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесті құру туралы шешімді алғаш рет өзінің ұлықтау рәсімінде жариялаған болатын. Шыны керек, бас кезінде осы құрылымның жұмысына күмәнмен қарағандар көп болды. Дегенмен, уақыт өте келе, күдік сейле бастады. Кеңес жұмысының нақты нәтижесі көріне бастады. Үш жылдың ішінде біраз бастамалар көтерілді. Соның ішінде заңмен бекітілген ұсыныстар да жоқ емес. Атап айтқанда:
бейбіт жиындарды өткізу тәртібі өзгерді;
сайлау кезінде партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасы енгізілді;
өлім жазасына тыйым салынды;
балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жаза күшейтілді;
саяси партияларды тіркеу межесі төмендетілді;
сайлау бюллетеніне "Бәріне қарсымын" графасы енгізілді;
саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілді;
ауыл әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды;
шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынды.
Ресми мәліметке сенсек, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бойынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабыланды. Соның ішінде президент жарлықтары, үкімет қаулылары мен заңдар бар. Ал президенттің соңғы жолдауында тағы ауқымды әрі маңызды саяси реформалар жарияланды. Осы бастамалар да ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген. Олар:
президентке партияға жетекшілік етуге тыйым салу;
әкімдердің партия филиалдарын басқаруын тоқтату;
мәжіліс депутаттарын аралас жүйемен (пропорционалды және можаритарлы – 70/30) сайлау;
мәслихат депутаттарының сайлауында пропорционалды жүйеден бас тарту;
сайлауда бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындау;
саяси партияны тіркеуге қажетті адам санын азайту;
саяси партияларды құру мерзімін ұлғайту;
мәжілісте ҚХА-ның квотасын алып тастау;
сенат пен мәжілістің жұмыс тәртібін өзгерту.
Сарапшылардың айтуынша, президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған кейбір бастамаларды тағы жетілдіріп, ары қарай алып кеткен. Мысалы, сарапшылар партия филиалдарына әкімдер басшылық етпеу керек деп айтса, Ақорда олардың қатарына әкім орынбасарларын да қосты. Сосын кеңесте саяси партияларды тіркеу межесін 3 мың адамға дейін азайтуға ұсыныс жасалған. Бірақ мемлекет басшысы сақтық танытып, әзірше, 5 мыңға дейін төмендетуге шешім қабылдапты.
Алдағы уақытта президенттің туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Қазақстан суперпрезиденттік биліктен мықты парламентке ауыса бастады.
Жалпы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі үлкен конституциялық реформаға бастамашы болды. Ал ұлттық құрылтайдың мәртебесі одан жоғары болса, қоғамдық рөлі де кем түспеуі керек.

"Өз өңірінің мүддесін қорғауы керек"

Ұлттық құрылтайдың жұмыс тәртібі әзірше белгісіз. Ал құрамына беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар шақырылады. Сондай-ақ аймақтағы қоғамдық кеңестердің атынан кем дегенде бір адам кіреді. Тоқаев осыны ерекше атап өтті. Президент қоғамдық кеңестердің бәрін ұлттық құрылтайдың айналасына топтастыруға мүдделі.
Саясаттанушы Самат Нұртазаның айтуынша, ұлттық құрылтайда әрбір өңірдің өкілі болса, жергілікті халықтың мәселесін президентке тікелей жеткізуге мүмкіндік болады. Сонда тиісті шешімдер де жылдам қабылданады.
"Әрине, құрылтайға Нұр-Сұлтан қаласындағы адамдарды ғана жинаса, ешқандай әсері болмайды. Былтыр Маңғыстауда мал қырылды. Оған дейін Таразда жарылыстар болды. Су тасқыны бар, жергілікті жерде проблема баршылық. Сондықтан әрбір аймақ бір адамды сайлап, ұлттық құрылтайға жіберсе, ол адам тамағын жыртып, өз өңірінің мүддесін қорғауы керек. Ал, ең бастысы, түйткілді мәселелер мен өтініштерді тікелей президентке жеткізген жағдайда ұлттық құрылтайдың пайдасы зор болмақ. ", - деді Нұртаза Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының ойынша, ұлттық құрылтайда алдымен халықтың әлеуметтік мәселелері көтеріледі.
"Жалпы, қоғамның өмір деңгейі талқылануы керек. Себебі көптеген адамның мойнында несие бар, баспанасыз жүрген жастар аз емес. Тіпті, орта буын өкілдері арасында баспана алмағандар баршылық. Сондықтан "ұлттық құрылтай" дейміз бе, "ұлттық кеңес" дейміз бе, мәселе атында емес, бұл алаң билік пен халық арасындағы шынайы көпірге айналуы керек, мәселе сонда", - деп атап көрсетті Нұртаза.
Ұлттық құрылтай қоғамдық сенім кеңесі сияқты кеңес беруші орган үлгісінде жұмыс істейді. Демек, сол жерде айтылған ұсыныстардың негізінде тың бастамалар қолға алынуы керек.

Жаңа адамдар келеді

Қазіргі жоспарға сәйкес, ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Андрей Чеботаревтың айтуынша, ұлттық құрылтайда адам санының артуымен күн тәртібіне шығарылатын мәселелер де көбейеді.
"Иә, аймақтардан келетін адамдардың есебінен құрылтайдың құрамы да, деңгейі де көтеріледі. Күн тәртібі кеңейеді. Мәселен, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамында, көбінесе, қоғам белсенділері, сарашылар мен саяси партиялардың өкілдері болса, ұлттық құрылтайда қоғамдық кеңес мүшелеріне басымдық берілетін сияқты.", - деді Чеботарев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының ойынша, құрылтай ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты жұмыс істеуі мүмкін.
"Кеңесте бәрімізді жұмыс топтарына бөлген. Әрбір топтың өз бағыты болды. Ұлттық құрылтай да солай жұмыс істейтін шығар. Бірақ бағыттардың саны көбейетін тәрізді. Жергілікті халықтың нақты мәселелері де болады. Білуімше, биыл аймақтардағы қоғамдық кеңестердің құрамы өзгереді. Жаңа адамдар келуі керек. Қазір жалпы жаңару толқыны басталды ғой, соның аясында жай отыратын адамдар емес, шынымен де, қоғамның белсенді өкілдері келеді", - деп атап көрсетті Чеботарев.
Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасы айналуы керек. Осылайша, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғырады. Президент бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек дейді.
Жаңалықтар
0