Қоғам

Газ баллондардың бағасы арзандайды – министр

Әрбір баллон тіркеуге алынады және техникалық төлқұжат беріледі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов баллонмен сатылатын газдың бағасы төмендейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістегі үкімет сағатында депутаттар баллонмен сатылатын газ мәселесіне тоқталды. Бүгінде ондай газдың бағасы литріне 116 теңгеден басталады. Ал жанар-жағармай құю станцияларында дәл сондай газ екі есе арзан тұрады. Министр Ақшолақов ол мәселені білетінін және көптен бері талқылап жатқанын жеткізді.
"Шынымен де, ол екі газдың ешбір айырмашылығы жоқ. Жанар-жағармай станциясы болсын, газ баллонын толтыратын орындар болсын, бәрінде сұйылтылған газ сатылады. Біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Баға реттелетін болса, бірдей болады. Тұрмыстық мақсатта қолданылатын газдың бағасы жанар-жағармай станцияларымен бірдей, 50-70 теңгенің маңайында болады", - деді Ақшолақов.
Министр газ баллондардың қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Себебі "бала кезінде көрген баллондар әлі күнге дейін айналымда жүргенін" атап өтті. Алдағы уақытта газ баллондарды тексеру талабы енгізіледі. Әрбір баллон тіркеуге алынады және техникалық төлқұжат беріледі.
Экономика
180 күндік шектеу аяқталуға жақын – министр газдың бағасы туралы айтты