Экономика

180 күндік шектеу аяқталуға жақын – министр газдың бағасы туралы айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинГаз
Газ - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.06.2022
Жазылу
Заңнамаға қосымша өзгерістер енгізіледі
НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов сұйытылған газдың шекті бағасын ұстап тұру тиімді емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетері, қаңтар оқиғаларынан кейін президент газ бен жанар-жағармайдың бағасына шекті бағалар енгізуді тапсырған болатын. 180 күндік шектеу шарасы 1 шілдеде аяқталады. Мәселен, зауыттың өзінен газдың бір литрі 16 теңгеден сатылуы шарт.
Министрдің айтуынша, бұл – өте төмен баға. Себебі зауыттарда жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалады.

"Өте төмен бағалар сақтала берсе, өндірісті көбейтуге ешқандай ынталандыру болмайды. Өйткені қазіргі бағалар газды шығаруға кететін шығыннан да төмен болып отыр", - деді Ақшолақов мәжілістегі үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, 180 күндік шектеу аяқталғаннан кейін газ айналымы бақылауға алынады. Оған қоса, заңнамаға қосымша өзгерістер енгізіледі.
"Энергетика министрлігі мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, ішкі нарықта сатылатын сұйытылған газдың айналымын қадағалайды. Сондай-ақ, министрлік газ және газбен қамтамасыз ету туралы заңға өзгерістерді әзірлеп қойды. Сонда энергетика министрлігінің сұйытылған газды бөлшек саудадағы шекті бағаларын бекіту құзіреті қарастырылады", - деп атап көрсетті Ақшолақов.
Министр газдың бағасына әсер ететін тағы бір маңызды мәселені ерекше атап өтті. Бүгінде көгілдір отынды елден шығару әрекеті тыйылмай отыр. Соның салдарынан тапшылық туындап, баға көтеріледі. Осыған байланысты бірқатар шараларды іске асыру жоспарланған.
Атап айтқанда, сұйытылған газды міндетті түрде тасымалдау жолқұжаты алынатын тауарлар тізіміне енгізу ұсынылды. Оны сататын жанар-жағармай станциялардың кассалық чектерді беру міндеті де күшейтіледі. Ал министрлік сол чектерді беру базасына кіріп, газдың айналымын бақылайды деген жоспар бар.
Жаңалықтар
0