Саясат

Мемлекет басшысы референдумның негізгі мақсатын түсіндірді

Халыққа арналған бейнеүндеуде мемлекет басшысы наурыз айында саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның негізгі мақсатын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халыққа арналған бейнеүндеуде мемлекет басшысы наурыз айында саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Соның арқасында демократияландыру шаралары жалғасады, халықтың мемлекетті басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді. Үкімет тиімді жұмыс істейді. Ол үшін Конституцияға өзгеріс енгізу керек.
"Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, халық қолдаса, Ата заңның отыздан астам бабына өзгеріс енгізіледі.
"Соның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші республиканың негізін қалаймыз", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына ықпал ете алады – Тоқаев