Қоғам

Шымкентте әйелдерден құралған қылмыстық топ тұрғындарды сан соқтырып кетті

Жәбірленушілер саны бүгінде 30 адамнан асқан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Шымкентте алаяқ әйелдер тұрғындарды 100 млн теңгеге алдап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға ондаған азаматтан арыз-шағым түскен. Жергілікті тұрғындар алаяқтарға алданып қалғанын айтқан.
Әйелдер өздерін мемлекеттік корпорацияның қызметкері ретінде таныстырып, өтеусіз грант пен төмен пайызбен несие беруге уәде еткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 100 млн теңгені құрады.
Прокурорлар мен полицейлер ведомствоаралық жедел тергеу тобын құрды. Алаяқтыққа 32 мен 39 жас аралығындағы 6 әйелдің қатысы бары анықталды. Қылмыстық топ қалада 2020 жылдан бері жұмыс істеген.
"Қазіргі таңда алты күдіктінің біреуі сотталған, елордада жазасын өтеп жатыр. Төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тағы біреуіне мемлекетаралық іздеу жарияланды", - деп мәлімдеді полициядағылар.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жәбірленушілер саны бүгінде 30 адамнан асқан. Алайда құқық қорғау органдарының болжамынша, қылмыстық топ құрбандарының саны 200-ден асуы мүмкін.
Оқиға
Алаяқ полицей екенін айтып, адамдарға кредит рәсімдеген