Экономика

Алматы экономикасы екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді – Досаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Алматы әкімі Ерболат Досаев мемлекет басшысына қала экономикасының қаңтар оқиғасынан кейінгі өсу қарқыны жайлы айтты.
Досаев президентке Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін көтерілген. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 21,3 пайызға жеткен, деп хабарлайды Ақорда.
Әкімнің айтуынша, қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді деп болжанып отыр.
Зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығыны да өтеліп жатыр. Бүгінге дейін құны 13,9 миллиард теңге болатын 1556 өтініш мақұлданған. Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің 97 пайызы қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.
Досаев президентке Алматының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басымдықтарды ұсынды.
Қаңтар оқиғасы
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген көлік иелеріне 258 млн теңге берілді
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, маусым аралығында ерте пісетін көкөністер жеткізіледі. Ал тұрақтандыру қоры 11-ден 15 миллиард теңгеге дейін көбейген.
Президент жекеменшік инвестицияларды тарту үшін Алматының индустриялды аймағын кеңейту жөніндегі жоспармен танысты.
Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалада құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері таныстырылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.