Республикалық референдумға қатыса алатын қазақстандықтардың саны анықталды

Сайлаушылардың тізімге еніп-енбегенін тексеру үшін қазақстандықтарға жаппай СМС-хабарлама жіберу жоспарланып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 11 миллионнан астам сайлаушы бар. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, республикада сайлаушылар реестрі жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректер негізінде жүйелі түрде жүргізіледі.
"2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 11 695 439 азамат сайлаушылар ресстріне енгізілген. Яғни бүгінде референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыруға негіз бар. Тізімді тек сәуір-мамыр айындағы көші-қон динамикасы мен азаматтардың берген өтініштеріне байланысты нақтылау қажет", - деді Петров орталық сайлау комиссиясының республикалық референдумды өткізуге қатысты отырысында.
Сайлаушылардың дені Алматы мен Түркістан облыстарында, Алматы қаласында тіркелген.
Заңға сәйкес референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізімінің дұрыстығына жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары жауап береді.
Сайлау учаскелерінің тізімі мен шекарасы БАҚ-та 15 мамырға дейін жарияланады. Сайлау учаскелерінің тізімін тиісті әкімдіктер жасайды.
Референдумда дауыс беретін сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар республика азаматтары енгізіледі.
Уақытша тіркеуі бар азаматтар референдумға дауыс бергісі келсе, әкімдікке өтініш беруі қажет. Сол өтініші негізінде тізімге енгізілуі мүмкін.
Петровтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, азаматтардың тізімге еніп-енбегенін тексеру үшін қазақстандықтарға жаппай СМС-хабарлама жіберуді жоспарлап отыр.
Айта кетері, Орталық сайлау комиссиясы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады.
Қоғам
Референдум-2022: эпидемиологиялық жағдай ушықса, дауыс беру қалай өтеді