Қоғам

Үш азаматтығы бар әйел Қазақстаннан шығарылды

Ол 2017 жылы Канаданың, ал биыл Ресей азаматтығын алған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Павлодар облысының Железин аудандық соты Қазақстан азаматтығынан бас тартпай, Канада және Ресей азаматтығын алған М. есімді тұрғынға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.
Бұл факті әйел "Өрлітөбе" шекара бақылау бөлімінің өткізу пунктінде тексеруінен өту барысында анықталды.
Әйел өз кінәсін толығымен мойындап, 2017 жылдың қарашасында Канада азаматтығын, биыл наурызда Ресей Федерациясы азаматтығын алғанын айтты. Бірақ заңды білмейтіндіктен, Қазақстан төлқұжатын тапсырмағанын жеткізді. Қазақстанда туыстары болмағандықтан, оны республика аумағынан шығаруды сұрады.
Сот қаулысымен М. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігі бойынша ("Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзу") кінәлі деп танылды. Ол Қазақстан аумағынан шығарылды.
"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңның 21-бабына сәйкес, егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алса, Қазақстан азаматтығынан айырылады.
Сонымен қатар, Қазақстан азаматы шет мемлекеттің азаматтығын алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бұл туралы iшкi iстер органдарына немесе шекара қызметіне хабарлауға тиіс. Қазақстан Республикасының төлқұжаты және (немесе) куәлiгiн тапсыруға міндетті.
Қоғам
Жеке куәлік алатын қазақстандықтар өздері суретке түсіп, ең әдемі фотосын таңдай алады