НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Ақтөбе облысында полицияға пара берген екі көлік жүргізушісі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 3 мамырда Ақтөбе көшелерінің бірінде "Камаз" жүк көлігі тоқтатылған. 62 жастағы жүргізуші жол жүру ережесін бұзған. Тәртіпбұзушылық бір жыл ішінде екінші рет қайталанып отыр. Сол үшін 30 630 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бірақ Алға қаласының тұрғыны полицияға пара ұсынған. Ал тәртіп сақшысы арыз жазған. Жүргізуші тергеуге алынды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі ("пара беру") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Сол күні "Ваз 21102" жүргізушісі де полицейге пара беруге тырысқан. Бірақ ол да тергеуге алынды.
Айта кетері, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға пара бергені үшін параның 20 еселенгеннен 30 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.Кінәлі адамның мүлкі тәркіленуі ықтимал.