Қоғам

Қазақстанда мамыр айынан бастап не өзгереді

Мамыр айында жеңілдетілген автокредит пен пәтер жалдау ақысын субсидиялау бағдарламалары іске қосылады, Алматыдан Лондон мен Бодрумға рейстер ашылады, сондай-ақ негізгі ҰБТ басталады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Мамыр айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Рамазан айы аяқталып, Ораза айт басталады

Бүгін, 1 мамыр – күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының соңғы күні.
Ал ертең, 2 мамырда Ораза айт басталады. Қазақстанда осы күні мешіттерде жамағатпен Ораза айт намазы оқылады. Айт намазының кестесі әр өңірде әртүрлі. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда айт намазы 07.00-де, ал Шымкентте 07.30-да басталады.
Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады. Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни 3 мамырдан бастап ұстай беруге болады.
Ораза айт үш күн тойланады. Әдетте, Ораза айтта қазақстандықтарға демалыс берілмейді. Бірақ, осы жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні жексенбіге түскендіктен, демалыс күн 2 мамыр – дүйсенбіге ауысты. Сол себепті биыл Ораза айттың бірінші күні қазақстандықтар демалады.
Ораза айтта әрбір үйдің шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады. Бұл күндері туған-туысқан, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, мейраммен құттықтайды. Дәстүр бойынша бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.

"Аренданың" жартысын мемлекет өтейді

Осы айда пәтер жалдап тұратын адамдардың шығынын мемлекет есебінен өтеу бағдарламасы іске қосылады. Ай сайынғы аренда ақысының жартысы бюджет есебінен субсидияланады.
Қазір Отбасы банкі өтінімдерді онлайн қабылдайтын арнайы платформаны сынақтан өткізіп жатыр. Сәуір айында, алдымен, 17 мың адамға, кейін тағы 23 мың адамға тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту жіберілді.
Айта кетері, субсидиялау бағдарламасына қатысатын адамның Отбасы банкте депозиті болуы керек.
Қоғам
Пәтерді заң бойынша қалай жалға береді
Мемлекет мына санаттағы азаматтардың пәтер ақысының бір бөлігін төлейді:
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
көпбалалы отбасылар.
Субсидиялауға үміткер отбасының соңғы 6 айдағы орташа табысы әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 36 018 теңгеден аспауға тиіс. Мысалы, үйде төрт адам болса, барлық отбасының табысы 144 072 теңгеден артық болмауы шарт.
Жаңа бағдарламамен 70 мың адам қамтылады. Ол үшін барлығы 50 миллиард теңге қарастырылған. Бюджет ақшасы мамыр айында бөлінеді. Сол кезде Отбасы банктің платформасында жаппай өтінім қабылдау басталады.

Таратылатын банктердің салымшыларына төлем тоқтайды

1 мамырда таратылатын сегіз банктен кепілдік берілген төлемді алу тоқтайды. Олар: "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Астана Банкі" АҚ, "Tengri Bank" АҚ және "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ.
Ал "Capital Bank Kazakhstan" АҚ басқа банктерге қарағанда лицензиясынан кеш айырылғандықтан, оның салымшылары кепілдік берілген төлемдерін 2022 жылғы 3 шілдеге дейін ала алады.
Кепілдік берілген төлемді алуға өтінішті Төлемдердің электронды порталы (ТЭП) арқылы онлайн беруге болады. Мұнда өтініштің орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік бар.
Төлем мерзімін орынды себептермен (әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде немесе бас бостандығынан айыру орнында болуы, мұра қабылдауы және сот анықтаған өзге де мән-жайлар) өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен және растаушы құжаттармен тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына жүгінуге тиіс.
Салымшылар талап етпеген депозиттер олардың зейнетақы қорындағы шотына аударылады. Қор БЖЗҚ-ға оларды заңға сәйкес төлем мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде аударады. Демек, таратылатын сегіз банктің салымшыларының ақшасы зейнетақы қорына 31 мамырға дейін, ал "Capital Bank Kazakhstan" АҚ бойынша 2 тамызға дейін аударылады.

Жеңілдетілген автокредит

Мамыр айында 4 проценттік автокредит бағдарламасы іске қосылады деп күтілуде. Бұған дейін үкімет бағдарлама сәуір айының соңында басталады деп сендірген еді. Алайда бағдарламаны қаржыландыруға әлі ақша бөлінбегендіктен, оның басталуы кейінге шегерілді.
Айта кетері, утилизациялық алым бойынша оператор "Жасыл даму" АҚ-дан жеңілдетілген автокредитке 100 миллиард теңге бағытталады. Бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қаражат 10 мамырға дейін бөлінетінін мәлімдеді.
Қоғам
Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы осы айдың соңында іске қосылмайды
"Үкімет қаулысы шықты. Қазір "Жасыл дамудың" корпоративтік құжаттарын дайындап жатырмыз. Жақын арада, бұйыртса, мамырдың онына дейін бекітеміз. "Жасыл дамудан" ақша мамырдың онына дейін бөлінеді. Бағдарлама сол кезде іске қосылады", - деген болатын Брекешев Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Бағдарламаның негізгі шарттары: кредит сомасы – 10 млн теңге; жылдық сыйақысы – 4 процент; мерзімі – 7 жыл. Көлік бағасы кредит сомасынан асып кетсе, үстінен ақша қосуға болады.

Лондон, Бодрум және Душанбеге рейстер ашылады

Air Astana әуе компаниясы осы айда Алматыдан Лондонға (Ұлыбритания) және Бодрумға (Түркия) ұша бастайды. Сонымен қатар, Душанбеге рейстер санын арттырады.
Лондон
12 мамырдан бастап Алматы – Лондон халықаралық рейсі орындалады. Рейс жолда Ақтау әуежайына тоқтайды. Осылайша аптасына екі рет – бейсенбі және сенбі күндері A321 LR лайнерімен жолаушыларды тасымалдайды.
Нұр-Сұлтан қаласынан баратын жолаушылар Ақтау – Лондон рейсіне Нұр-Сұлтан – Ақтау ішкі рейсі арқылы жетіп, ұша алады. КС 901 рейсі Алматыдан сағат 10.45-те ұшып, Ақтауға сағат 13.05-те жетеді.
Ақтау қаласынан Лондонға сағат 14.05-те ұшып, Лондонға сағат 16.50-де жетеді. 18.05-те кері ұшып, Ақтауға сағат 04.10-да жетеді. Ақтаудан Алматыға 05.10-да шығып, сағат 09.00-де келеді. Барлық жерде жергілікті уақыт көрсетілген.
Эконом-класта бару-келу билетінің ең төменгі құны, алымдарды есепке алғанда, 292 844 теңгені, бизнес-класта 1 181 703 теңгені құрайды. Ұлыбританияға кіру үшін ПТР мен вакцинация қажет емес.
Бодрум
27 мамырдан бастап сейсенбі және жұма күндері Алматы – Бодрум тұрақты рейсі іске қосылады. Жолаушылар Airbus A321 ұшағымен ұшады.
Рейс Алматыдан сағат 08.30-да ұшып, Бодрумға сағат 11.50-де жетеді. Қайтарда Бодрумнан сағат 13.45-те ұшып, Алматыға сағат 22.05-те қонады. Барлық жерде жергілікті уақыт көрсетілген.
Вакцина салдырмаған 12 жастан асқан жолаушыда мерзімі 72 сағаттан аспаған ПТР-анықтама болуы қажет. Сондай-ақ, 48 сағат ішінде жасалған антигенді анықтайтын экспресс-тест те жарамды.
Эконом-класта бару-келу билетінің ең төменгі құны, алымдарды есепке алғанда, 230 743 теңгені, бизнес-класта 623 675 теңгені құрайды.
Душанбе
Air Astana 1 мамырдан бастап Душанбе және Алматы қалалары арасындағы рейстер санын аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін ұлғайтады. Ал кейін 1 маусымнан бастап аптасына 3 рейстен 4 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Тәжікстандық "Somon Air" әуе компаниясы 25 сәуірден бастап Душанбеден Алматыға халықаралық рейстер санын аптасына 1 рейстен 2 рейске дейін көбейтті.
Осылайша екі ел арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 6 рейске жетеді.

Негізгі ҰБТ басталады

16 мамырда мемлекеттік білім грантынан үмітті талапкерлер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Негізгі ҰБТ 5 шілдеге дейін созылады.
29 сәуірде негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды. Ол 14 мамырға дейін жалғасады.
ҰБТ-ға қатысу үшін тіркеуден (http://app.testcenter.kz) өту қажет. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады.
Білім
Биыл кейбір түлектер ҰБТ-сыз грант және сыйақы алады - министр
Пәндердің саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі таңдау пәні. Тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут беріледі. Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.

Оқу жылы аяқталады

Қазақстандық мектептер мен колледждерде оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Биыл мектептерде соңғы қоңырау дәстүрлі форматта өтеді.
26 мамырдан 17 маусымға дейін жазғы мектеп ұйымдастырылады. Ал қорытынды емтихандар алдын ала бекітілген кесте бойынша өтеді.
Оқушылар 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін демалады.

Металл сынықтары мен қалдықтарын ел аумағынан шығаруға тыйым салынады

6 мамырдан бастап Қазақстан аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым салынады.
Бұйрыққа индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қол қойды.
Бұл ретте бұйрық қолданысқа енгенге дейін Қазақстан мен ЕАЭО кедендік заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімі бойынша орналастырылған және шығарылған тауарлар ел аумағынан кедергісіз шығарылады.