Білім

Биыл кейбір түлектер ҰБТ-сыз грант және сыйақы алады - министр

© Sputnik / Абзал Калиевтүлек
түлек - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.04.2022
Жазылу
Министрдің айтуынша, ондай жеңілдіктер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына ғана емес, дүниежүзілік шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңмпаздарына да беріледі
НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне үлкен жеңілдік берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақында парламент баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір нормативтің актілерге өзгерістер енгізу туралы заңды қабылдады.
Осы құжатта халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бір реттік сыйақы және ҰБТ-сыз грант беру шаралары қарастырылған.
"Осы заңға президент қол қойғаннан кейін дереу іске асырылатын болады. Осылайша, биыл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары болса, оларға 4 миллионға дейін бір реттік төлемдер беріледі. Сондай-ақ, тәлімгерлеріне де берілетін қаржы бар. Сосын балаларға гранттар беру мәселесі де қарастырылған", - деді Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, ондай жеңілдіктер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына ғана емес, дүниежүзілік шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңмпаздарына да беріледі.
"Бұған дейін мынандай мәселе болды. Мысалы, бала химияны жақсы біледі. Менделеев олимпиадасын жеңіп келді. Бірақ ұлттық бірыңғай тестілеуге барғанда химияны да, қазақ тілін де, тарихты да білуі керек. Өз пәнінен барлық балды алып шықты. Бірақ гуманитарлық салаға бейімі болмағаннан кейін басқасынан қажетті ұпайды алмай қалуы мүмкін. Ол бала химияға барғысы келіп отыр ғой. Осындай балалардан айырылып қалмауымыз керек. Сөйтіп, заңға өзгеріс енгізілді. Шыны керек, бұл – біраз жылдан бері көтеріліп жатқан мәселе. Ол сұрақ шешімін тапты", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Айта кетері, бұған дейін білім және ғылым министрлігі халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздарына берілетін бір реттік сыйақының мөлшерін жариялаған болатын.
Оқушыларға:
олимпиаданың алтын медалі үшін – 1500 АЕК (4 594 500 теңге);
күміс медаль – 1000 АЕК (3 063 000 теңге);
қола медаль – 500 АЕК (1 531 500 теңге).
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге:
алтын медаль – 150 АЕК (459 450 теңге);
күміс медаль – 100 АЕК (306 300 теңге);
қола медаль – 50 (153 150 теңге).
2020-2021 оқу жылында қазақстандық 26 оқушы жеті беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Бір жыл бұрын олардың саны 16 адам болған.
Жаңалықтар
0