АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Алматы әкімдігі қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген көлік иелеріне 258 миллион теңге төледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазірге дейін Алматы қаласы аудандары әкімдіктеріне автокөлік иелерінен келтірілген залалды өтеу туралы 99 өтініш түсті. Жеке тұлғаларға келтірілген шығынды өтеу тетігіне сәйкес, жалпы сомасы 258 миллион теңгеге 54 өтінім қанағаттандырылды", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Оның ішінде 33 өтініш Алмалы ауданынан, 9 өтініш Әуезов ауданынан, 12 өтініш Түрксіб ауданынан түскен.
Аудан әкімдіктері Бостандық ауданы бойынша 40 өтініш, Медеу ауданы бойынша 5 өтінішті қарап жатыр. Олар бойынша төлем 15 мамырға дейін жүргізіледі.
Айта кетері, аудан әкімдіктерінде өтініш түскен күннен бастап 1 ай ішінде қаралады. Мүлікке келтірілген залалды бағалау өтініш тіркелген күннен 7 күн ішінде белгіленеді және оны зардап шегушінің өзі таңдаған тәуелсіз сарапшы жүргізеді.