ПАВЛОДАР, 22 сәуір – Sputnik. Павлодар мектебінде болған өрттен кейін 8-сынып оқушысы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады Павлодар облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Кеше, 21 сәуір сағат 19.28-де облыстық балалар ауруханасына №28 мектепте оқитын 2007 жылы туған оқушы түскен. Эвакуациядан кейін қыз үйіне барған. Кейін ауруханаға жеткізілген.
Мектептен үйіне барған қыздың басы ауырған. Ата-анасы жедел жәрдем шақырды. Қызды облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөліміне "улы газбен улану" диагнозымен жатқызды, делінген білім басқармасының баспасөз хабарламасында.
"Қыздың жағдайы тұрақты, ол инфузиялық терапия алады", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева Sputnik Қазақстанға.
21 сәуір күні таңертең сабақ басталғанда Павлодардағы № 28 мектеп өртенді. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам эвакуацияланды, оның ішінде 551 оқушы. 1975 жылы туған физика пәнінің мұғалімі зардап шекті. "Орташа ауырлықтағы улы газбен улану" диагнозымен ауруханаға жатқызылған.