НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Алматы мәслихатының депутаты, бизнесмен Қайрат Құдайберген ұсталды.
Оны бүгін түнде ұстаған. Қазір ол Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға ақпарат көзі растады.
"Иә, түнде Құдайберген ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабы "Ұстау негіздері" негізінде ұсталды. Әзірге 72 сағаттан артық отырмайды. Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша күдікті ретінде өтіп жатыр. Мұндай істі Бас прокуратура жүргізеді, сол себепті ресми түсініктемені тек солар ғана бере алады", - деді құқық қорғау органдарындағы дереккөз Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Сондай-ақ ол 72 сағат ішінде Қайрат Құдайбергенге қатысты істі тергеу уақытына бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселе шешілуге тиіс екенін атап өтті.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі тергеу сотына Құдайбергенге қатысты материалдар әлі түспегенін нақтылады.
Ал Бас прокуратура әзірге жауап берген жоқ.
Бұған дейін Қайрат Құдайбергенді қаңтар оқиғасының куәгері ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға жауап алуға шақырған болатын.