НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен 1 491 шағын және орта бизнес субъектісіне 8,3 миллиард теңге өтемақы төленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан алдын ала деректер бойынша 1 630 ШОБ субъектісі зардап шеккен.
Оларға шамамен 38,6 миллиард теңге шығын келді.
"Бүгінгі күні 1 491 ШОБ субъектісі жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеге төлем алды", - деді Жақсылықов үкімет отырысында.
Үкімет қаңтар оқиғасынан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мынадай жедел шаралар қабылдады:
ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу;
жеке және заңды тұлғалардың қарызы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру;
салықтық және кедендік тексерулер мен басқа да шаралар тоқтатылды.