Өңірлер

Ер адам автокредитін жабу үшін туысымен бірге жанармай құю станцияларын тонаған

Алматы қаласы мен Алматы облысында бес жанар-жағармай құю станциясын тонаған күдіктілер ұсталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Алматының екі тұрғыны автокредитті жабу үшін бес жанар-жағармай құю станциясын тонаған, деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаменті.
Қарақшылық шабуыл 15 сәуірде Алматы мен жақын маңда орналасқан Іле және Қарасай аудандары аумағында жасалды. Пышақпен қаруланған қылмыскерлер әдейі күзеті жоқ шағын станцияларды таңдаған.
Бейнебақылау камераларын қарап шыққан полицейлер күдіктілердің қара Toyota Camry 50 көлігімен жүргенін анықтады. Алайда мемлекеттік нөмір басқа автокөлікке тіркелген болып шықты.
"Күдіктілер тұрақта тұрған Volkswagen Golf-тан ұрланған мемлекеттік нөмірді пайдаланған. Көлік иесі белгісіз біреулер нөмірді шешіп алып, кейін кері қайтарғанын байқамай да қалған. 34 жастағы алматылық таксист пен оның 23 жастағы немере інісі қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Ер адам жауап алу кезінде ұрланған ақшаны (300 мың теңгеге жуық) автокредитті өтеуге жұмсағанын айтты", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұсталғандар қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша тергеу жүріп жатыр.
Мешіттерді тонаған ұры ұсталды