ТАЛДЫҚОРҒАН, 6 сәуір – Sputnik. Алматы облысында полицейлер 39 жастағы әйелді зорлап, тонап кетті деген күдіктіні ұстады.
Наурыз айының басында Жамбыл ауданының тәртіп сақшыларына 39 жастағы әйелден зорланғаны туралы арыз түскен. Ол даладағы дәретхананың жанында бейтаныс жігіт тап бергенін айтқан.
Полицейлер қылмыскердің қымбат телефонды ұрлап кеткенін де анықтады. Жәбірленуші күдіктінің сырт келбетін сипаттап берді, соның негізінде фоторобот жасалды. Нәтижесінде олар арнайы мәліметтер базасының көмегімен күдіктіні анықтаді. Ол бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"33 жастағы ер адам Алакөл ауданының тумасы, бұрын тонау және ұрлық жасағаны үшін үш рет сотталған. Кейінгі уақытта ол Алматы қаласының маңында тұрған. Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің қайда жүргенін анықтадық. Ол ұсталып, полиция жеткізілді. Көзбе-көз беттестіру кезінде жәбірленуші өзіне шабуыл жасаған ер адамды таныды. Ұрланған телефон иесіне қайтарылды", - деді Жамбыл ауданы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жексенбаев.
Ведомство күдіктіге Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Зорлау) және 191-бабы (Тонау) бойынша айып тағылып жатқанын атап өтті. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.