Қоғам

Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Көктемнің екінші айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өседі

1 сәуірден бастап Қазақстанда зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өзгерді. Оның мөлшері шамамен екі есе өсті.
Енді 40 жастағы азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, оның шотында кемінде 5 млн 790 мың теңге қалуы керек. Ал осыған дейін 3 млн 420 мың теңге жеткілікті болатын. Яғни шекті меже 69 процентке өсіп кеткен.
2022 жылғы зейнетақы жинағының жеткілікті шегі
Зейнетақы жинағы сомасын қалай білуге болады:
БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен;
БЖЗҚ мобильді қосымшасынан;
egov.kz электронды үкімет сайтынан.
Зейнетақы шотындағы ақшаға баспана сатып алуға, ипотеканы жабуға және ем-домға жұмсауға болады.
Жуырда AMANAT партиясы үкіметке зейнетақы жинағының қазіргі жеткілікті шегін осы жылдың соңына дейін созуды ұсынған еді. Алайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жеткілікті шек ұзартылмайтынын мәлімдеді.
Былтыр желтоқсанда БЖЗҚ шекті меже өсетінін жариялады. Халық бұл жаңалыққа қуана қоймады, өйткені жеткілікті шектің мөлшері аспандап кеткен еді. Зейнетақы қоры бұл мәселені қазақстандықтармен алдын ала талқылаған да жоқ. Жаңалықты ести салысымен, бәрі қордағы артық ақшасын шешіп алуға жүгірді. Әлеуметтік желілер наразы пікірге толды.
Қоғамда туған дауға ел президенті араласты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартуды тапсырды.

Рамазан айы

Қасиетті Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Биыл пітір садақа мөлшері 500 теңге болып бекітілді.
Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушыларға, сырқаты бар адамдарға, жүкті немесе бала емізетін әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға рұқсат етіледі.
Оразаға қатысты сұрақтары бар адам ҚМДБ жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығына хабарласа алады. Орталық тәулік бойы істейді, нөмірі – 33-30-30. Оған Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады.
Қоғам
Рамазан айы жақындап қалды: наиб мүфти ораза қай кезде бұзылатынын айтты
Биыл Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласында бес ірі мешіттен автобустар қатынайды.
Елорда тұрғындары түнгі уақытта мешіттен үйіне қоғамдық көлікпен тегін жете алады. Автобустар түнгі бірге дейін жүреді.
Қоғамдық көлік мына мешіттерден қатынайды:
"Әзірет Сұлтан" мешіті;
"Әбу Насыр әл-Фараби" мешіті;
"Садуақас қажы Ғылмани" мешіті;
"Ырыскелді қажы" мешіті;
"Рахымқызы Райса ана" мешіті.
Ал Алматыда Рамазан айында мешіттерде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі. Сондай-ақ Алматы орталық мешітінде "Рамазан шатыры" құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылады. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі.
Оразаның алғашқы күні жұртшылыққа ораза айының келгенін сүйіншілеу мақсатында "Қош келдің, Рамазан!" айдарымен қала көшелерінде 100 000 дана су мен құрма таратылады. Бұл шараға имамдар бастаған жастар мен блогерлер жұмылдырылады.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау

Бүгін, 1 сәуірден бастап қазақстандық ата-аналар мектеп табалдырығын аттайтын балаларының құжаттарын тапсыра бастайды. Құжат қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады.
Осылайша ата-аналар мектепті күні бұрын таңдап, оқуға қажетті құжаттарды уақытында тапсыра алады. Балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етуге де уақыты жетеді.
Өтінішті egov.kz арқылы беруге болады.
Құжаттар тізімі:
ата-ана өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлғалар);
баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
"Бала денсаулығы паспорты" 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
3х4 көлеміндегі екі фото.
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Қазақстандықтар бұрынғыдай Оңтүстік Кореяға визасыз кіре алады

1 сәуірден бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы виза талаптарын өзара жою туралы келісім қайтадан күшіне енеді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея коронавирус пандемиясына байланысты келісімді уақытша тоқтатқан еді.
Енді Қазақстан азаматтары – ұлттық паспорт иелері – Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алады, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
Бірақ егер азамат Оңтүстік Кореяда еңбек еткісі, білім алғысы немесе сол елде тұрғысы келсе, онда тиісті виза алу қажет.
Қазақстандықтар визасыз қай елдерге бара алады
Айта кетері, Оңтүстік Кореяда шетелдіктер үшін К-ЕТА электронды жүйесі жұмыс істейді. Елге визасыз баратын азаматтар ұшуға кемінде 24 сағат қалғанда www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электронды өтініш беріп, Оңтүстік Корея билігінен елге кіруге рұқсат алуға тиіс.
Егер мұндай рұқсат болмаса, әуе компаниясы ұшаққа отырғызбайды.

Атырау мен Ыстанбұлды байланыстыратын әуе рейсі

SCAT компаниясы 2 сәуірден бастап Атырау – Ыстанбұл жаңа рейсін іске қосады.
Ұшақтар Атырау қаласынан әр сенбі сайын ұшады. Ұшу ұзақтығы – 3 сағат 30 минут.
Түркия шаһарына әуе билеттері сатылып жатыр. Компания сайтында көрсетілгендей, Ыстанбұлға дейін эконом санаттағы билеттің бағасы бір ересек үшін 67 мың теңгеден басталады.

Жеңілдетілген автокредит іске қосылуы мүмкін

Қазақстанда сәуір айында жеңілдетілген автокредит бағдарламасы іске қосылуы мүмкін. Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі барлық рәсімді осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Бағдарламаны қаржыландыруға 100 миллиард теңге бөлінеді.
Қоғам
Автокредит бағдарламасы: ай сайынғы төлем мөлшері қандай болады
Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша бастапқы жарна қажет емес. Несие мерзімі – 7 жылға дейін. Жылдық мөлшерлеме – 4 процент.
Бір көлікке 10 миллион теңге кредит беріледі. Егер клиент сәл қымбатырақ көлікті таңдаса, үстіне өз қалтасынан ақша қосып сатып ала алады. Бірақ өте қымбат автокөліктерге жеңілдетілген несие берілмейді.
Айта кетері, қазақстандықтар жеңілдетілген автокредитке тек отандық зауыттарда құрастырылған темір тұлпарды ала алады.