Қоғам

Сарапшылар Конституциялық сот жайлы: жарлықтың күшін жоя алатын құзыреті болуы керек

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Қазақстанда Конституциялық сот құрылады. Жуырда президент ел алдында осындай бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл орган қазақстандықтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылып, артынан таратылған Конституциялық сот неге қайта жаңғырмақ? Жаңа Қазақстанның Конституциялық соты қандай болуы керек? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Конституциялық сот бұрын да болған

Қазақстан егемен ел атанғаннан кейін, халықаралық тәжірибеге сүйеніп Конституциялық сот институтын енгізді. Ол 1992 жылы жұмыс істей бастады. Орган құрамына он бір адам – төраға мен он судья кірді. Конституциялық соттың алғашқы және жалғыз төрағасы – Мұрат Баймаханов.
Конституциялық сот, егер Ата заңға қайшы келсе, президенттің күшіне еніп қойған жарлықтары мен заңдарының күшін жоя алатын құзыретке ие болды. Бұл органның ел есінде қалған шешімдерінің бірі – сол кездері парламент рөлін атқарған Жоғарғы кеңес сайлауын заңсыз деп тануы еді. Осы шешімнен кейін Жоғарғы кеңес таратылды. Бірақ артынша көп ұзамай Конституциялық соттың өзі де жабылып қалды.
1995 жылғы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданды. Оған сәйкес конституциялық бақылаудың жаңа органы – Конституциялық кеңес құрылды. Осыған байланысты Қазақстанның Конституциялық соты 1995 жылдың соңында өз қызметін тоқтатты.
Бүгінде Конституциялық кеңес дау туған жағдайда, президент пен парламент сайлауының, референдумның дұрыс өтіп-өтпегенін қарайды. Сондай-ақ президент қол қоймай тұрып, парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексереді, Конституция нормаларына ресми түсiндiрме береді.
Конституциялық кеңес жетi мүшеден тұрады. Оның төрағасын республика президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

Конституциялық кеңестің салмағы жоқ

Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, Конституциялық сот құрылғаннан кейін Конституциялық кеңес таратылады. Себебі ол қазіргі таңда қабылданып қойған саяси шешімдерді заңдастыратын органға айналып бара жатыр.
"Конституциялық кеңестің өзіндік билігі жоқ, өзіндік сөзі, салмағы жоқ. Тек кеңес берумен шектеледі. Оның берген кеңесін тыңдауы да, тыңдамауы да мүмкін. Сондықтан Конституциялық сотқа елдің әділдікке қол жеткізетін құралы, тек президент, адам құқығы жөніндегі уәкіл ғана емес, кез келген адам шындықтың ұшар шыңына жеткізетін баспалдағы ретінде қарауы керек", - дейді мәжілісмен Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның пікірінше, егер осы баспалдақ дұрыс болмаса, халықтың тек сотқа ғана емес, мемлекетке, билікке деген сенімі жоғалады.
Президент Конституциялық сот құруды ұсынды
"Өкінішке қарай, шынымды айтсам, бүгінде сот әділетсіздігінен жапа шеккен адамдар ертеңгі күні митингіге шығатындардың пулын құрап тұр. Сол себепті Конституциялық сот әділеттіктің супер салмағы бар жеке институтқа айналуға тиіс. Мысалы, шетелде Конституциялық соттың президентке қарсы шығып жататын кездері болады. Сондықтан егер тәуелсіздікке, мемлекет мүддесіне байланысты мәселе туындаса, ол таразының екі басын емес, үшінші басын теңестіріп тұратын құрал болуы керек", - деп санайды Дүйсенбинов.

Жаңа орган кімге бағынуы керек

Адвокат Мәди Мырзағараевтың ойынша, Конституциялық сот ешкімге бағынбауға тиіс. Тәуелсіз, ешкімге есепке бермейтін және ешкімге жалтақтамайтын орган болуы керек. Сонда ғана ол әділ шешім шығарады.
"Егер біреуге бағынышты болса, мейлі ол президент, мейлі парламент болсын, онда қайткен күнде де өзі бағынатын органға жалтақтап отырады", - дейді қорғаушы.
Конституциялық сот төрағасы мен мүшелері көпшіліктің дауыс беруі арқылы сайлануы керек. Ал сот мүшелерінің жалпы саны кемінде 15 адамнан құралуы қажет. Сонымен қатар, адвокат Конституциялық сот құрамына тек заңгерлер кіруі керек деп санайды.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір азаматтар сотқа қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері кіруі деген пікір айтып жүр. Егер солай болса, оның парламенттен айырмашылығы болмай қалады. Ол жерде тек кәсіби мамандар, заң саласының сарапшылары отыруы керек", - дейді Мырзағараев Sputnik Қазақстанға.
Айтуынша, Конституциялық сотқа халыққа танымал, беделі мен ар-ожданына, өмір жолына ешқандай сызат түсірмеген, күдік тудырмаған адамдар мүше болуы керек.

Қандай құзыреттер берілуі керек

Депутат Берік Дүйсенбинов жаңадан құрылғалы жатқан органға 90-шы жылдары жұмыс істеген Конституциялық соттың құзыреттерін бере салу асығыс шешім болады деп деген пікірде.
Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылады - Жоғарғы сот төрағасы
"Қазір заман басқа, заң басқа. Бүгінгі өзгерістер өміріміздің үш жылына ғана татиды. Қазіргі геосаясат, көршілеріміздің жағдайы, қазір адамдар не болып жатқанын да түсінбей қалды. Сондықтан қайсысын қайтарып, қайсысын қайтармау мәселесін ел болып ашық және әділ зерделеп, зерттеуіміз керек. 1993 жылғы тетіктерді қайтара салу мүмкін болмайтын шығар. Бәлкім, бір-екі жылдан кейін биліктің өзі парламентке ауысатын шығар. Сол себепті заман ағымын ескере отырып, асығысы шешім қабылдамай саралау керек", - дейді мәжілісмен.
Ал Мәди Мырзағараев, керісінше, Конституциялық соттың бұрынғы орган сияқты президент жарлықтары мен заңдарының күшін жоя алатын құзыреті болуы керек деп санайды.
"Ондай өкілеттік болмаса, құзыретінің шектелуі болып қалады ғой. Оның Конституциядан басқа заңдардың күшін жоя алатындай күші болуы керек. Олай болмаған жағдайда, оның мәні жойылады", - дейді ол.

Конституциялық соттың таратылуы сол кездегі биліктің қателігі ме

"Билікке сараптама жасау өте қиын шаруа. Мысалы, қазір елдің бәрі қосылып Елбасыны жамандап жатыр. Біздің халықта өзі ортасы деген жоқ қой. Жамандаса түбіне жеткізе жамандайды, мақтаса алдына жан салмайды. Өз басым, Елбасының алмағайып заманда, әр мемлекет бөлініп, быт-шыты шыққан тұста ешкімнің бізге аумақтық наразылығы болмайтындай шекараны бекітіп алуын үлкен жұмыс деп санаймын. Бар нәрсені бар деп айту керек. Ал қасындағы бала-шағасының, отбасының құлқынына ие бола алмай қалғаны ол басқа әңгіме, басқа қателік.
Сондықтан, мүмкін, сол кездегі билікті бір қолға уыстап жинаудың жамандығымен қоса жақсылығы да болған шығар. Бәлкім, билікті бір қолға жинау, президенттік шешім қабылдау инвесторлар алдында кепіл болу үшін қажет болған шығар. Бірақ билік мұны көтере алмай қалды. Енді билік тармақтарын тарқату заңды құбылыс деп санаймын.
Қоғам
"Бір-бірін кінәлайды": президент судьялар арасындағы мәселені қозғады
Қазақтың "Құдайдың екінші аты – халық" деген дана сөзі бар ғой. Халық билік көзіне айналуы керек, халық билікті дұрыс қолдана білуі керек", - деді Берік Дүйсенбинов.
Еске салсақ, 16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық сот құруды ұсынды.
"Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын", - деген болатын мемлекет басшысы.
Конституциялық сотқа Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де жүгіне алады.
Президент бұл бастама әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болатынына сенеді.