НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Петропавлда жылу электр орталығында көз жұмған қызметкердің отбасына кәсіпорын бес жылдық еңбекақы мөлшерінде қаржылай көмек көрсетеді, деп мәлімдеді "Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметі.
"Севказэнерго" АҚ басшылығы мен ұжымы Петропавл ЖЭО-2-де қаза тапқан Наталья Чефонованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Кәсіпорын басшылығы орны толмас қазаның ауырлығын түсіне отырып, марқұмның отбасына жан-жақты, атап айтқанда, тұрғын үй жағдайын жақсарту, отбасына қаза болған қызметкердің бес жылдық еңбекақысы мөлшерінде өтемақы төлеу түрінде көмек көрсетеді", - деді кәсіпорынның баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар Наталья Чефонованың баласының білім алуға кеткен шығынын өтейді. Жерлеуді ұйымдастырумен байланысты барлық шығынды да жұмыс беруші өз мойнына алады.
20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Үйінді астынан машинист әйелдің мәйіті табылды.
Төтенше жағдайдан кейін ЖЭО-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Апаттың себебі мемлекеттік комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады.