НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Тағы екі қазақстандық авиакомпания ұшу-қону жолағын жөндеу жүріп жатқан Ақтөбе әуежайына рейстерді тоқтатты.
SCAT 31 наурызға дейін Ақтөбеге ұшуларды тоқтататыны туралы хабарлады. Жолаушылар сатып алған жерінен билет құнын толықтай қайтара алады. Рейсті басқа күнге қайта брондауға да болады.
Сондай-ақ, 17-23 наурыз аралығында бұл қалаға Qazaq Air де ұшпайды. Мына рейстер тоқтатылды: Нұр-сұлтан - Ақтөбе - Нұр-Сұлтан, Ақтөбе – Атырау – Ақтөбе, Ақтөбе – Қазан – Ақтөбе, Ақтөбе – Түркістан - Ақтөбе.
Билет әуе компаниядан алынса, info@flyqazaq.com электронды поштасы арқылы өтініш жолдау керек. Брондау нөмірі мен кері байланыс мәліметін көрсету қажет. Билет агенттікте рәсімделсе, сол жерге хабарласуға кеңес берілді.
Бұған дейін Air Astana Ақтөбеге рейстерді тоқтататынын хабарлаған болатын.
Ақтөбе әуежайы неге ұшақ қабылдамайды
Ақтөбе қаласының әуежайы 17-27 наурыз аралығында жөндеуге жабылды. 11 наурызда Азаматтық авиация комитеті 2022 жылдың 17 наурызынан бастап олқылықтар жойылғанға дейін Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағын пайдалану тоқтатылатынын хабарлады. Тексеру кезінде ақаулар анықталған.
Ақтөбе әуежайынан аптасына 5 бағыт бойынша (Нұр-сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Түркістан) 52 ішкі рейс, сондай-ақ басқа елдердің төрт қаласына (Ыстанбұл, Тбилиси, Қазан, Нүкіс) аптасына 9 рейс жасалады.