НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Air Astana әуе компаниясы Ақтөбе қаласына ұшатын рейстердің бір айға тоқтатылатынын хабарлады.
Жолаушылар брондалған билеттерді 31 мамырға дейін бос рейстерге тегін ауыстыра алады. Сондай-ақ, билет сатылған жерге хабарласып, толық ақысын қайтаруға болады.
"Әуежайдың жабылуына байланысты 17 наурыз бен 17 сәуір аралығындағы Ақтөбеге қатынайтын рейстер тоқтатылды", - делінген ресми хабарламада.
Өткен аптаның соңында азаматтық авиация комитеті 17 наурыздан бастап Ақтөбе әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жабылатынын жариялады.
Тексеріс кезінде әуежайының ұшу-қону жолағында түрлі ақаулар мен жарықшақтар анықталды. Сондықтан оны пайдалануды уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды.
Ақтөбе облысының әкімдігі қысқа мерзімде әуе айлағы плиталарын ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға дайын.