Экономика

Үкімет мәлімдеме жасады

Үкімет халықты үрейге салынбауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Қазақстан үкіметі халық арасында "алдағы экономикалық проблемалар" туралы алыпқашпа әңгіменің күшейіп кетуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Бүгінде үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асырып жатыр. Соның аясында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған сан алуан шаралар қарастырылған. Мәселен, мемлекеттік бюджет есебінен депозитке сыйақы аударуды көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы қолға алынды.
"Екінші деңгейлі банктерде 2022 жылдың 12 наурызындағы жағдай бойынша шамамен 15,3 триллион теңге немесе активтердің 40% құрайтын өтімділігі жоғары активтердің қоры бар. Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақытылы және толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Банктердің өтімділік бойынша пруденциялық нормативтері реттеушінің ең төменгі талаптарынан төрт еседен астам артық", - делінген ресми мәлімдемеде.
Жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. Осы жылдың қаңтарында халықтың теңгедегі жинақ депозиттері бойынша кепілдік сомасы 20 миллион теңгеге дейін, сондай-ақ әртүрлі депозиттерге кепілдік берудің ең жоғары жиынтық сомасы жоғарылады. Бұдан басқа, бағаның өсуін тежеу шаралары атқарылып жатыр.
"Жалпы, үкімет, Ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл үшін күн сайын Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырыстары өткізіледі. Оның шеңберінде экономикалық жағдайдың дамуының әртүрлі сценарийлері бойынша шешімдер пысықталады", - делінген хабарламада.
Осы орайда үкімет халықты үрейге салынбауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды. Ал арандатушылық сипаттағы анық емес және жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін де еске салды.
"Қант тапшылығы жоқ": Сауда министрлігі халықты дүрбелеңге салынбауға шақырды