Қоғам

"Девальвация мен дефолт болады": министрлік WhatsApp-та тараған ақпаратты түсіндірді

Хабарлама авторы депозиттен барлық ақшаны алып, үйдегі қаражатты долларға айырбастауға кеңес берген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Қазақстандықтар WhatsApp мессенджері арқылы азық-түлік тапшылығы мен дефолт туралы хабарламаны таратып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz порталы.
Хабарлама авторы депозиттен барлық ақшаны алып, үйдегі қаражатты долларға айырбастауға кеңес берген. Себебі тура үш айдан кейін банктердің бәрінде дефолт болады-мыс.
"Одан кейін тапшылық басталады. Қазіргі бағамен үйге ұзақ мерзімге жеткілікті азық-түлік алып алыңдар, алдағы уақытта 2-3 есеге қымбаттайды. Сәуір-мамыр айларынан бастап Қазақстанның барлық аймағында қысқарту болады", - делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тапшылығы болмайтынын мәлімдеді.
"Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмысы мәселесі тұрақты бақыланады. Жедел деректер бойынша, республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар, оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және т.б. ", – дейді министрлік мамандары.
Сондай-ақ, азық-түлік қоры үнемі толықтырылады. Ұн өндіру үшін жарма мен астық, ал ет өнімдерін өндіруге мал басы жеткілікті.
"Республика өз өндірісі есебінен ішкі астық нарығындағы қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз ете алады" – делінген ресми хабарламада.
Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоспары іске асырылып жатыр. Соның аясында импортты алмастыруға басымдық беріліп отыр.
Елорда тынысы
Нұр-Сұлтан тұрғындары доллар таба алмай жүр
Дефолтқа да алғышарттар жоқ. Standard&Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін "BBB-/А-3" деңгейінде растады, болжам "тұрақты". Агенттіктің деректеріне сәйкес, Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың жанама салдарын еңсеруге болады және Қазақстанда бұл мұнай мен газ экспортының негізгі нарықтарына қол жеткізуде іркілістерге әкелмейді.