АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. "ӨКМ Операторы" ("Оператор РОП") ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты 2016-2021 жылдары көліктерді кәдеге жаратудың жоғары құнын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы бас директоры сот санкциясымен қамауға алынды.
Сонымен қатар бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ операторы" ЖШС (Оператор РОП) басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды.
Пірімқұлов 2019 жылдың шілдесінен бастап вице-министр болды. Оның айналысқан мәселесінің бірі – қоқысты утилизациялау.
Құмарғалиев 2019 жылдың қарашасында "ӨКМ операторы" жеке компаниясының басқарма төрағасы болды.
Тергеу жалғасып жатыр.