ПАВЛОДАР, 8 наурыз – Sputnik. Павлодарда тұрақтағы көліктің үстіне мұз құлады. Сауда үйінің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
6 наурызда қала тұрғыны Toyota көлігін Торайғыров көшесіндегі 115 және 113 үйлердің арасында қойып, "Отау" сауда үйіне кірген.
Біраз уақыттан кейін дабыл дыбысы естілген. Далаға шыққан ер адам алдыңғы және артқы әйнектерді сынған көлігін көрген. Мұз сауда үйінің төбесінен құлаған.
Осы сауда үйінің директоры Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы ("қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол шатырды уақытылы тазалау жұмысын ұйымдастырмаған.
Бұл бапқа сәйкес, жеке тұлғаларға - 20 АЕК (61 260 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 40 АЕК (122 520 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (306 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, зардап шеккен көлік иесіне залалды өтеу үшін азаматтық сотқа жүгінуге кеңес берілді.