Экономика

Нұр-Сұлтанда тағы бір майнинг фермасы анықталды

Криптовалютаның алдын ала құны шамамен 1,2 миллиард теңге
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда тағы бір майнинг фермасы анықталды, деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Агенттік ҰҚК департаментімен бірлесіп Нұр-Сұлтандағы өнеркәсіп аймағынан заңсыз майнинг фермасын анықтаған. Тексеру барысында үш контейнер табылды, ішінде 1 170 майнингке арналған цифрлы жабдықтың төрт түрі табылды.
"Ақша түрінде өндірілген криптовалютаның алдын ала құны шамамен 2,5 миллион долларды (шамамен 1,2 миллиард теңге) құрайды", - делінген хабарламада.
Аталған фактіге байланысты қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігі ("Заңсыз кәсіпкерлік") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетері, 2 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында майнинг фермасы анықталды. Ресми мәліметке сәйкес, майнинг фермасы қала аумағындағы өнеркәсіптік базалардың бірінде жұмыс істеген.
Ол жерден 56 дана арнайы жабдық тәркіленді. Өндірілген 237 000 АҚШ доллары көлеміндегі криптовалюта қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Экономика
Қазақстанда 13 майнинг фермасы анықталды