Украинадағы әскери операция басталған күні ресейлік десантшылар бірден Киевке жақын Гостомель аэродромын басып алды. Сол кезде украин әскерилері есеңгіреп қалды. Алайда бірнеше күннен кейін киевтіктердің өз-өзіне деген сенімі және алдағы "перемогаға" деген үміті күшейте түсті. Оған бірнеше себеп бар, деп жазады РИА Новости.
Ресейлік колумнистің ойынша, мықты мемлекеттік үгіт-насихат өз нәтижесін бере бастады. Ол – бір. Екіншіден, Украинаның қарулы күштеріне қарасты ақпараттық-психологиялық құрылымдары жай жатқан жоқ. Олар агрессордың үлкен шығынға батып жатқанын және бейбіт халыққа қарсы айуандық әрекеттері туралы фейк ақпарат таратуға кірісті. Соның ішінде Киевте зымыран тиген көпқабатты үй, Харьковтың шетіндегі тұрғын ауданына оқ жаудыру және тағы басқа оқиғалар бар. Ал 25 ақпанда Гостомель аэродромның қайтарылғаны жайында мәлімет тарады.
Ресейдің әскери-теңіз күштері Жыланды аралын басып алғанда 13 украин шекарашысы ерлікпен қаза тапты дейді. Зеленский өз үндеуінде оларға Қаһарман атағын беретінін де мәлімдеді. Бірақ барлық шекарашы ресейлік әскерилерге өздері берілген. Осыдан кейін "Путин Зеленскийді шатастырып жіберді" деген алыпқашпа әңгіме де тарап кетті, дейді автор.
Киевте ешқандай әскери іс-қимыл болмаса да, жергілікті билік коменданттық сағат енгізді. Халық нан мен суға шыға алмады. Артынан даладағы кезекте сағаттап тұруға мәжбүр болды. Дүкен сөрелерінде әлі азық-түлік бар. Алайда нан мен сүттің тапшылығы байқалады. Баға көтеріле бастады. Дәрі-дәрмек те азайып келеді.
Қазіргі кезде қалада халықтың үштен бір бөлігі ғана қалды деген ақпарат бар. Соған қарамастан, қала басшылығы әуе дабылдарын жиі қосып отырады. Артиллерия болса, Гостомель жаққа және жақын жатқан елді мекендерге оқ жаудыруды тоқтататын емес. Донецк мен Головкадағы тұрғын үй аудандарына ғана емес, Киевтің маңындағы елді мекендерге де тиіп жатқан сияқты. "Мрия" ұшағы да тура солай жойылған шығар.
Соңғы кезде киевтіктер диверсанттарды аңдумен әуестеніп кеткен тәрізді. Халыққа қару-жарақ та таратылды. Осыдан кейін диверсанттарды аулау басталды. Мысалы, мэр Кличко коменданттық сағат кезінде рөлге отырғандардың бәрі диверсант деп танылатынын мәлімдеді. Оларды атуға рұқсат берілді. Осы бастамаға басқа қалалардың мэрлары да қосылды.
Киевте ресейлік армияны ешкім күтіп отырған жоқ. Украинаның шығысында тұратын адамдар да қатты қуанбай отыр. Автордың ойынша, бәрі қорқады. Себебі 2014 жылы майданға қарсы болғандардың көбісі қудалауға ұшырады. Түрмеге қамалғандар да бар. Купянск мэрына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Себебі ол қалалық шаруашылық бойынша ресейлік армиямен ынтымақтастыққа барған.
Ал Ресейдің ДХР мен ЛХР-ды ресми түрде тануы жергілікті халық үшін қауіпсіздіктің кепілі іспеттес.